ЕҰУ-дың 42 студенті университет түлегі Ержан Тастамбековтің бастамасымен білім гранттарына ие болуда
Қазақстан Республикасының күні қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған мерекелік концерт аясында ерекше оқиға өтті. Университет түлегі Ержан Тастамбековке мерейтойлық медаль табысталып, студенттерге Zebra Coffee Scholarship білім гранттары берілді.
Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры, ЕҰУ түлегі Ержан Тастамбеков «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл марапат оның туған оқу орнымен тығыз байланысын және жастардың білім алуына қосып жүрген үлесін мойындаудың белгісі болды.
Іс-шараның маңызды бөлігі — Zebra Coffee Scholarship білім гранттарын табыстау рәсімі. 2023 жылдан бері Ержан Тастамбеков ЕҰУ студенттеріне қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алуына және алға қойған мақсаттарына нық қадам басуына мүмкіндік беріп келеді. Бүгінде оның бастамасының арқасында 42 студент білім алуға қолдау алып отыр.
Әрбір грант — жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, үлкен армандарға қанат бітіретін және білімге ұмтылыстың қолдауға лайық екенін көрсететін маңызды қадам. Ал осы игі бастаманың артында туған университетін ұмытпай, өз жетістігі арқылы өзге жастардың өміріне оң өзгеріс енгізуге болатынын дәлелдеп жүрген түлек тұр.
ENU Endowment Fund университет түлектері мен достарын біріктіріп, туған альма-матерге деген ризашылықты қазіргі және болашақ студенттер үшін нақты мүмкіндіктерге айналдыруға үлес қосып келеді.