Ержан Тастамбеков ЕҰУ студенттерін қолдауды жалғастыруда: 16 жаңа білім беру гранты табысталды
31 тамыз күні Еуразия ұлттық университетінде Zebra Coffee компаниясының негізін қалаушы әрі директоры, ЕҰУ түлегі Ержан Тастамбеков тағайындаған қосымша білім беру гранттарына үміткерлермен сұхбат өтті.
Биыл бағдарламаға деген қызығушылық ерекше жоғары болды – 300-ден астам студент өтінім берді. 4,5 сағат ішінде комиссия 29 үміткермен кездесіп, әрбір өтінім мен талапкердің жеке тарихын мұқият қарастырды.
Іріктеу қорытындысы бойынша 8 студент толық білім беру грантына, тағы 8 студент оқу ақысының 50%-ын қамтитын жартылай грантқа ие болды. Осылайша, келесі оқу жылында ЕҰУ-дың 43 студенті Ержан Тастамбековтің қолдауымен білім алады.
Бұл бастаманың өзіндік игі тарихы қалыптасқаны ерекше құнды. 2023 жылдан бері Ержан Тастамбеков ЕҰУ студенттеріне жыл сайын қолдау көрсетіп, олардың қаржылық жағдайына қарамастан білімін жалғастырып, дамуына мүмкіндік беріп келеді. 2023 жылы алғашқы 6 студент атаулы грантқа ие болса, 2024 жылы тағы 5 студент қолдауға ие болды.
Ал 2025 жылы ЕҰУ-дың 30 жылдығына орай Ержан Тастамбеков өзі түлеп ұшқан университет студенттеріне арналған бірден 30 білім беру грантын тағайындады.
Студенттерге көп жылдан бері қолдау көрсетіп, жастардың дамуына үлес қосып, өзінің альма-матеріне деген адалдығын танытып келе жатқан Ержан Тастамбековке зор алғысымызды білдіреміз.
Білімді таңдауға және өз болашағыңды құруға мүмкіндік бергеніңіз үшін рақмет!