Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ алғаш рет Erasmus+ CBHE жобасының грантхолдері атанды:
Қазақстан жоғары оқу орындарының мақсатты қорларын дамытуға бағытталған UNIFUND бастамасы іске қосылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы аясындағы («Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» бағыты) — “University Endowment Fund Development in Kazakhstan” (UNIFUND) жобасының алғаш рет грантхолдері (үйлестірушісі) ретінде танылады.
Бұл жоба — Қазақстанның жоғары оқу орны грантхолдер ретінде қатысып отырған алғашқы құрылымдық жоба. Құрылымдық жоба — серіктес елдердегі жоғары білім беру жүйесін ұлттық немесе өңірлік деңгейде реформалауға және жаңғыртуға бағытталған ауқымды халықаралық ынтымақтастық жобасы.
Бұл мәртебе еуропалық серіктестердің университетке деген сенімін білдіреді және Қазақстанда осы бағытты дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Университеттің грантхолдер ретінде қатысуы қазақстандық және шетелдік серіктестердің күш-жігерін біріктіруге, халықаралық тәжірибені пайдалануға және елдің жоғары білім беру жүйесі үшін өзекті практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
UNIFUND жобасының негізгі мақсаты — Ұлттық қауымдастық пен университеттердің мақсатты қорларының (эндаументтерінің) цифрлық платформасын дамыту, олардың құқықтық базасын қалыптастыру, әдістемелік қолдау көрсету және жоғары оқу орындары арасында эндаумент мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен академиялық тәуелсіздігін арттыру.
Жоба аясында мақсатты қорларды басқарудың жалпыұлттық жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл жүйе қазақстандық жоғары оқу орындарына қаржыландыру көздерін әртараптандырудың озық тетіктерін енгізуге мүмкіндік береді. Жоба ел ішіндегі университеттер арасында, сондай-ақ еуропалық серіктестермен тәжірибе, білім және үздік практикалармен жүйелі түрде алмасуға арналған алаңға айналады.
UNIFUND жобасының бірегейлігі — даму институттарын, мемлекеттік басқару органдарын, бизнес-қоғамдастықты және Еуропа мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін синергиялық құрамында.
Мемлекеттік және мемлекеттік-қоғамдық институттар:
  • Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі;
  • Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Еуропалық университеттер — серіктестер:
  • Турин политехникалық университеті (Италия);
  • Әулие Климент Охридский атындағы София университеті (Болгария).
Қазақстандық жоғары оқу орындары — қатысушылар:
  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (грантхолдер);
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
  • Әлихан Бөкейхан атындағы университет;
  • Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;
  • Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;
  • Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті;
  • Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті.
ЕНУ-дың жоба үйлестірушісі ретіндегі мәртебесі нақты практикалық тәжірибеге негізделген. ENU Endowment Fund 2021 жылғы 31 желтоқсанда құрылып, университеттің қаржылық тұрақтылығын нығайту және жоғары білім беру саласында меценаттық мәдениетті дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
Бүгінде ENU Endowment Fund қызметі төрт стратегиялық бағыт бойынша табысты жүзеге асырылуда:
  1. Білім алушыларды қаржылық қолдау: білім беру гранттары мен атаулы стипендиялар бөлу;
  2. Ғылым мен инновацияларды дамыту: ғылыми зерттеулерді, стартап-жобаларды және әзірлемелерді коммерцияландыруды бірлесіп қаржыландыру;
  3. Әлеуметтік-мәдени бағыт: білім беру, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру;
  4. Дарындарды қолдау: студенттердің халықаралық конкурстарға, олимпиадаларға және спорттық жарыстарға қатысуына жағдай жасау.
UNIFUND жобасының грантхолдері мәртебесін иелену Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жинақталған тәжірибесін одан әрі дамыту және іс жүзінде қолдану, сондай-ақ оны Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындары арасында тарату мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Made on
Tilda